Қазақстанда құрылыстың қалай жүріп жатқанын онлайн бақылауға болады

4 декабря 2018 Қазақстанда құрылыстың қалай жүріп жатқанын онлайн бақылауға болады

Келесі жылы бірыңғай цифрлық порталды өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр

 Инвестициялар және даму министрлігі "Бірыңғай цифрлық портал" ашты. Бұл туралы бүгін ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бүгін үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек құрылыс саласын цифрландыру жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, қазір қағаз құжаттар электронды нұсқаға ауыстырылып жатыр. Бұл құрылыстағы бизнес процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді. 

"Осы проблеманы шешу үшін министрлік "Бірыңғай цифрлық портал" құрды. Оның ақпараттық жүйесі пилоттық режимде Астанадағы нысандарда сынақтан өтуде", — деді Қасымбек. 

Құрылыс процесінің негізгі қатысушылары – мердігер ұйым, техникалық қадағалау және авторлық қадағалау. Олар электронды сандық қолтаңбаның көмегімен осы порталға рұқсат алып, өздеріне берілген құзырет аясында қызметтерді іске асыра алады. 

"Тағы бір артықшылық – барлық мүдделі мемлекеттік органдардың жүйесіне қосылу мүмкіндігі. Портал құрылыстың барлық кезеңін – котлованнан құрылыстың аяқталуына дейін қамтиды. Жасырын жұмыстар тек қана актілермен аяқталмай, сонымен бірге фото және бейне түрінде сақталады. Сондай-ақ, портал отандық құрылыс материалдарының қолданылуын қадағалауға мүмкіндік береді", — деді министр. 

Бұдан бөлек, ол құрылыс нысанын видеотрансляция арқылы бақылауға болатынын атап өтті. Сондай-ақ, әрбір қатысушыға электронды түрде сапа туралы, орындалған жұмыстардың сәйкестігі туралы қорытындыға, тиісті декларацияға қол қою мүмкіндігі беріледі. Одан кейін тапсырыс беруші нысанды пайдалануға қабылдау актісіне қол қойып, оны тіркеу үшін мемлекеттік корпорацияға жолдайды. 

"Барлық тиісті рәсімдер жүргізілгеннен кейін, 2019 жылы осы порталды өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарлануда", — деді Қасымбек.



Әрі қарай оқу: sputniknews.kz, фото - © Sputnik / Александр Вильф